Өсім түбі – қорлық
Өсім түбі – қорлық

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Өсім жеушіден басқа ешкім қалмайтын бір заман әлбетте адамдарға келеді. Тіпті ол (кез келген адам) өсім жемесе де, оған оның буы (зияны, ықпалы) жетеді», – деген.
Өсім (несие, риба, пайыз) бүгінгі біздің күнделікті өмірімізге кіріп, әбден сіңді. Шариғатта өсім алу, беру харам етілген. Қазіргі кезде көбісі той жасауға, адам жерлеуге, үй-баспана алуға, автокөлік мінуге, т.б. үшін несие алып жатады.
Ал негізінде Алла тағала өсім жайында «Бақара» сүресінің 275-аятында: «Сондай өciм жегендер, (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: «Сауда да бейне өciм» дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өciмді харам еткен. Сонда Раббынан насихат келгенде кім тыйылса, өткені өтіп кетті. Оның ici Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, мінe, солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады», – дейді.
Ибн Аббас өсім жеуші жайында былай деп айтқан: «Өсім жеуші қиямет күнінде қылқынып жатқан мәжнүн сияқты тіріледі!».
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мен Исра түнінде жыландарға толы үй сияқты қарындары бар қауымға жолықтым. Ол жыландар сол қауымның іштерінен сыртқа қарай шығып жатты. Мен Жәбірейілден (ғ.с.): «Бұл кімдер?», – деп сұрадым. Ол (Жәбірейіл (ғ.с.): «Бұлар өсім жеушілер», – деп айтты» (Ахмад).
Жалпы, өсім жеушілердің қиямет күнінде қатты азапталынатыны жайында хадис-хабарлар көп. Өсім жеушілердің осыншама азапталуының себебі, олардың Алла тағаланың анық аяттарына қарсы шығуларынан болады. Яғни, жоғарыда аятта келтірілген-дей: «Сауда да бейне өciм дегендіктерінің салдарынан».
Адам пенде болғаннан соң, пендешілікке барып қойып жатады. Бұл жалған дүниеде ақша тауып, бай болуға, мал-дүние жинауға бейім келеді. Осылайша, адам баласы сол көздеген мақсаттарына жетудің оңай жолдарын іздейді. Сөйтіп жүріп «өсімге» (пайыз, несие) бас сұғады. Белгілі бір сомаға қарыз ақша алып, оны бірнеше есе (пайыздық мөлшермен) қайтарып жатады. Пайызбен ақша, мал-дүниені алған және берген адам Алланың алдында екеуі бірдей күнәһар.
Алла ол өсімді бәрібір сол иесінен толық кетіреді, не ақша-малы болғанымен оның берекесі болмайды. Өсіммен байланысы бар адамның тапқан табысы қанша көп болғанымен, жиған-тергенінен өзіне еш пайда келтіре алмайды. Алла тағала адал атқарылған сауда-сатыққа берекет береді. Адал сауда-саттықпен айналысатын адамға пайдасын арттырады. Бұл жайында «Бақара» сүресінің 276-аятында: «Алла өсімді жояды да, сауданы арттырады. Әpi Алла барлық қарсы келуші күнәһарды жақсы көрмейді», – делінген.
Хадисте: «Шындығында өсім тіпті көбейсе де, оның соңы аздыққа (қорлыққа) айналады», – делінген (Ибн Мәджә; имам Ахмад).
Жәбирден жеткен хадисте Алланың елшісі былай айтқан: «Өсім жеп, өсіммен төлей-тіндерге, соған куә болғанға, келісімді жазып отырғанға Алла қарғыс атты…» (Ахмад, Мүслім).
Қазіргі кезде мынадай жағ-дайларда жиі орын алуда. Қайсыбіріміз өсім аламыз да, кейін оны қайтару үшін тағы басқа өсім аламыз немесе қарызға белшемізден батамыз. «Алла сауданы халал, өciмді харам еткен», – бұл Құрандағы Алланың сөзі. Олай болатын болса, өсімге жоламайық. Өсімді алмайық та, бермейік те, Алланың ризалығына жететін адал сауда-саттықпен, кәсіптерімізбен айналысайық.
Алла тағала бізге: «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар. Егер сенсеңдер, өсімнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар). Егер оны істемесеңдер, (өсім алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар», – деген. («Бақара» сүресі, 278, 279-аяттар).
Осы күнге дейін өсім мен оның харам екендігі жөнінде дін өкілдерінің біраз мақалалары, басқа да еңбектері жарық көруде. Алайда қазіргі таңда өсімге бас сұққандардың қатары көбеймесе, азаяр емес. Сол себепті «өсім алуға да, беруге де болмайды» деген ұғым ашық күйінде қала бермек. Сәйкесінше біз де көпшілікке өсімнің қаншалықты арам іс екенін түсіндіруден тоқтамаймыз. Алла баршамызды харамнан сақтап, ізгі жолдан тайдырмасын.
Берікбол ЖАНАҚ,
Астана қаласы

http://www.islam-orkeniet.kz/?p=5854 сайтынан

NurmoldaNurmolda
9 жыл бұрын 21155
0 пікір
Блог туралы
0
0 0 0 0 0